АСТАНА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚАЛА
kz

Шетелдік жұмыс күшін жалдау

Iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлейдi, ал жұмыс берушілер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартады.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс күшіне пайыздық қатынаста белгіленеді, ол:

• экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
• Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде, шығу елдері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
• еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квотаны қамтиды.

2019 жылы Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталар жұмыс күшінің пайыздық мөлшерінде:

• Еңбек иммигранттарын тарту коэффициенті 4,2% деңгейінде белгіленген;
• Экономикалық қызметтің 18 түрі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 26 желтоқсандағы №890 қаулысында көрсетілген.

Заңның шетелдiк жұмыс күшiн квоталау және жұмыс берушілерге шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру туралы нормалары дербес бiлiм беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, мемлекеттік органдарда жұмыс iстейтiндерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін, сондай-ақ, аталған заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздестіру және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санына сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтіндерге қолданылмайды.

2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V ҚРЗ Еңбек кодексіне және 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңына сәйкес.