«ВМП Астана» зауытының іске қосылғанына үш жыл толды
Елордадағы №1 Индустриялық парк аумағында орналасқан «ВМП Астана» зауытының іске қосылғанына үш жыл толды. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы антикоррозиялық және өртке қарсы өнеркәсіптік жабындыларды жылына 5 000 тоннаға дейін өндіретін жалғыз зауыт.
Зауыттың құрылысы 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің экономиканы дамыту мен елді индустрияландыруға бағытталған тиімді өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы аясында басталған болатын. Кәсіпорынның салтанатты ашылуы 2022 жылдың тамыз айында өтті.
Жоба ресейлік «ВМП» ғылыми-өндірістік холдингінің қатысуымен жүзеге асырылды. Аталған компания – металл мен бетонды қорғауға арналған заманауи лак-бояу материалдарын әзірлеу және өндіру саласындағы жетекші ұйым.
Үш жыл ішінде «ВМП Астана» зауыты тұрақты даму көрсеткіштерін байқатып келеді. 2022 жылы кәсіпорында 353 тонна өнім шығарылса, 2023 жылы өндіріс көлемі 10 есеге артып, 3 442 тоннаға жетті. 2024 жылы 2 834 тонна жабын өндірілді. Бүгінде зауытта 100-ге жуық білікті маман еңбек етуде.