АСТАНА — ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚАЛА
kz

Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері

[HTML]

Соңғы 10 жылда еліміздің де, ел астанасының да инвестициялық мүмкіндіктері айтарлықтай артты. Аталған мерзім аралығында мемлекетке 75,1 трлн. теңге көлемінде инвестиция салынса, Елордаға құйылан инвестиция мөлшері 7,4 трлн.теңгені құрайды [1]. 

2020 жылдың бірінші тоқсанында инвестициялық белсенділік сәл артқаны байқалды. Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 5,1% артты. 

Нұр-Сұлтан қаласына салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 53,2% артып, 122,3 млрд. теңгені құрады. Инвестициялық өсімнің негізгі көзі – 91,6% пайызды құрайтын жеке инвестициялар. Жалпы инвестициялар мөлшеріндегі шет елдік инвестициялар көлемі 8,5 есе артып, 49,5 млрд.теңгені құрады, яғни, шет елдік инвестициялар көлемі 7,3%-дан 40,5%-,а дейін артты[2]. 

Елдің экономикалық, саяси және іскерлік орталығы болғандықтан, Нұр-Сұлтан қаласы жаңа бастамалардың жаршысы. Ел астанасы инвесторлар назарында болғандықтан, қаланың инвестициялық және іскерлік белсенділігі жоғары деңгейде болғаны маңызды. 

Елордада «Қаланың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының» іске асырылуы аясында инвестициялық жобаларды жүргізуге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, инвесторлар алдындағы әкімшілік кедергілер алынып тасталды. «Астана-жаңа қала» (15 422 га), «Астана-Технополис» (632 га) Арнайы экономикалық аймақтары мен олардың индустриалды парктері инвесторларға салық тұрғысынан ерекше жағдай жасап, қажетті инфрақұрылымдарды дайындап береді. Нұр-Сұлтан қаласына инвестиция тартумен айналысатын «Astana Invest» Қалалық инвестицияларды дамыту орталығы инвесторларға, Мемлекеттік және жеке меншік әріптестік (МЖӘ) жобалары мен инвесициялық жобалардың іске асырылуы барысында қолдау көрсетеді. 

Қазіргі әлемдік пандемия кесірінен болған төтенше жағдайда қаланың ғана емес, бүкіл ел бойынша кәсіпорындардың инвестициялық іс-әрекеті тоқтап тұр. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін Үкімет тарапынан бірқатар антикризистік шаралар жасалды: салықтық жеңілдіктер жасалды, жұмыс орындарын сақтап қалу қадағалуға алынып, әлеуметтік төлемдер тағайындалды. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Astana Invest» Қалалық инвестицияларды дамыту орталығымен бірлесіп астаналық инвестордарға қолдау көрсету үшін қажетті шаралар атқарып жатыр. Биылғы жылдың 17 сәуірінде инвестициялар бойынша координациялық кеңес аясында құрылыс материалдары зауыты құрылысы, «Magnum Cash&Carry» ЖШС гипермаркеті құрылсы сияқты бірқатар инвестициялық жобалар мен білім саласындағы бірнеше жобалардың құрылысы қолдау тапты. Бұл жобалардың іске қосылуы Нұр-Сұлтан қаласында 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 

2020 жылдың сәуір айы соңында елорда әкімі мен бизнес өкілдері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен «Атамекен» ҚР ҰКП және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері қатысуымен өткізген онлайн-конференцияда кәсіпорындар жұмысын біртіндеп жандандыру бойынша ұсыныстар айтылды. Мәселен, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, жабық сауда және ойын-сауық орталықтарының тұрақтарында азық-түлікке жатпайтын тауарларға Интернет-тапсырыстарды тарату пункттерін ұйымдастыру, шағын және орта бизнес субъектілеріне кепілсіз, үстемесіз несие беру, 2020-2021 жылдардың Еңбек ақы төлеу қоры бойынша салықтарды қоса алғанда, салықтың барлық түрлері бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін салық төлеуден босату бойынша ұсыныстар айтылды. Онлайн кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызметтерді барынша электронды форматқа көшіру мен онлайн-қызметтерді қарқынды дамыту қажет екендігін атап өтті. 

Дағдарыста тек шығындар есептелмей, бизнес үшін тың инвестициялық мүмкіндіктер де қарастырылуы тиіс. 

Соңғы жылдары қалаға инвестиция салудың басым бөлігі жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларға (46% - 2019 жылғы Негізгі капиталға инвестициялардың (НКИ) жалпы көлеміндегі үлесі) және көлік пен қоймада сақтау секторларына (21,5%) бағытталған. Бұл астанадағы тұрғын үй құрылысының белсенді дамуы мен ішкі сауда-саттықтың өсуімен байланысты. 

Дегенмен де, инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары мен Нұр-Сұлтан қаласы мен маңайдағы облыстардың бәсекелік артықзшылықтарын ескере отыра, Елорданың келесі салаларының дамуына назар аударайық: 

Өндірістік сектор 

Салаларды талдау барысында қалада жұмысын жалғыстырып кетуі мүмкін, болашағы бар қызмет түрлері, сондай-ақ астанада өндіруге болатын және импортты алмастыруға мүмкіндігі жетуі мүмкін өнімдер түрлері анықталды. Мәселен, талдау барысында импортталатын өңделген өнімдердің 68% азық-түлік тауарлары екені анықталды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты шет елден әкелінетін тауарлар көлемі күрт төмендегенімен, отандық өнімнің бағасы қымбаттап кетті. Осы тұста қазақстандық тауар өндірушілердің өндіріс көлемін ұлғайту қажеттілігі туындайды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда қай сала болсын инвестиция тартуды талап етеді. 

Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар өндірісі саласында керамикалық қаптауға арналған плиталар, төбе жабуға арналған материалдар, еденге төсейтін материалдар мен жылу сақтайтын материалдар, шыны сияқты күрделі құрылыс жабдықтар өндірісін жолға қою арқылы импортты алмастыруға болады.Сонымен қатар, қаланың ағаш өңдеу, химия салаларында жекелеген өнім түрлерін шығаруға мүмкіндігі жетеді. 

Нұр-Сұлтан қаласында импортты ішінара алмастыруға қауқары жетерлік 423 компания бар. Нұр-Сұлтандағы компаниялар өндіретін «Қарапайым заттар экономикасының» басты тізіміне енгізілген тауарларға деген сұраныс артқаны байқалады[3]. 

Сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кешендегі өңдеу өнеркәсібін, өндірісті және қайта өңдеуді ынталандыруға бағытталған жобаларды қолдау мақсатында елімізде 6% жеңілдікпен «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде[4] «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруды 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайту туралы тапсырма бергенін айта кету керек. 

Білім саласы 

Адам капиталын дамытып, инвестицияны білім, ғылым мен денсаулық сақтау саласына салудың тиімді шешім екенін дамыған елдер тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Бұл салаларда қарқынды жобаларды іске асыруға бюджеттік инвестициялар көлемі мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында мектептегі оқушы орны тапшылығы 14 мыңнан асып жығылады. Оқушылар орны жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен жаңа мектептер құрылысы жоспарланған, дегенмен, жетіспеушіліктің орнын толықтай толтыруға бюджеттік инвестициялар көлемі аздық етеді. 

2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында отандық және шет елдік инвесторлардың қатысуымен жеке меншік мектептер құрылысы жобалары іске аса бастады. Сонымен қатар, білім саласындағы жобаларға жеке инвестицияларды тарту мақсатында «Жан басына нормативті қаржыландыру» бағдарламасы енгізілді. Потенциалды инвесторларға жер телімі түрінде берілетін натурлы гранттармен қоса басқа да жеңілдіктер қарастырылған. 

Жалпы, астана халқы санының өсуі мен Нұр-Сұлтан мектептерінде үш ауысыммен оқу мәселелері жеке мектептердің де пайда болуына түрткі болып отыр. 

Әлеуметтік тұрғын үй саласы 

Нұр-Сұлтан қаласының «Стратегия 2050» бағдарламасын жасау аясында өткізілген сауалнама нәтижесінде тұрғын үй қолжетімсіздігі ең үлкен мәселе екенін анықталды. Елордада әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған астаналықтар саны 46,8 мың адам[5]. Бұл статистикалық көрсеткіштерге сүйене отырып, әлеуметтік тұрғын үй жобаларын іске асыруға да инвестициялар қажет деуге болады. 

Осы салаға инвестициялардың ағымын ынталандыру үшін, 2020 - 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын салу жобаларын іске асыру мақсатында осы жылдың наурыз айында МЖӘ туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді[6]. 

Өзгерістер тұрғын үй салу жобасын тезірек жүзеге асыруға мүмкіндік береді, егер инвесторлардың меншігі болса немесе объектілерді немесе жерді ұзақ мерзімге жалға берсе. МЖӘ тетігін қолдану арқылы жобаны жоспарлау мерзімі 6,5 айдан 1,5 айға дейін қысқартылуы мүмкін. Сонымен қатар, заңнамада инвестордың белгілі бір шығындарының орнын толтыру қарастырылуы мүмкін. 

Бос уақыт пен демалыс саласы 

Өзге елдерге шығуға шекараның жабық жағдайында жергілікті туризмді дамытып, жаңа демалыс орындарын ашу мүмкіндігі пайда болды. Нұр-Сұлтан қаласының «Стратегия-2050» бағдарламасы аясында жасалған талдау нәтижесінде астананың орталық аудандары мен қала шетіндегі аудандарындағы демалыс орындары сапасының айырмашылығы айтарлықтай. Қала аудандарындағы инфрақұрылымның әркелкілігі, әсіресе, қала шетіндегі аудандардағы демалыс орындарының сапасы тұрғындар өміріне кері әсер етеді. 

Осыған байланысты, талдауға сүйене отыра, қаланың демалыс орындарын салу/қалпына келтіру бойынша, суға шомылатын орындарды жөндеу бойынша жобаларды іске асыру қажет. 

Логистика және сауда-саттық саласы 

Логистика кез келген бизнестің маңызды элементі болып табылады. Экономиканың заманауи нарықтық жағдайлары өндірушілерден сапалы өнімдер мен қызметтерді ғана емес, сонымен бірге уақытылы жеткізуді талап етеді. 

Тауар ағындарын тиімді басқарусыз трансұлттық және шағын компаниялардың жұмысы мүмкін болмайды. Логистикалық нарықты қазіргі даму тұрғысынан қарастыратын болсақ, Нұр-Сұлтан Алматыдан кейін Қазақстандағы ең дамыған екінші қала болып табылады. 

Соңғы 10 жылда Нұр-Сұлтан халқының өсімі 50% астам болды. Болжамдық мәліметтер бойынша, Нұр-Сұлтан қаласының халқы 2030 жылға қарай 2 миллион адамды құрайды. Көлік және қойма саласы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша Қазақстан өңірлері арасында көшбасшы болып табылады, 2019 жылы бұл салға 196,3 млрд.теңге инвестиция құйылды, бұл инвестициялардың жалпы көлеміндегі үлесі 21,5% құрады. Қаланың ЖӨӨ-де көтерме және бөлшек сауданың үлесі 19,7% құрайды[7] 

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанның логистикалық жүйесі қалыптасып келе жатыр. Елордада 11 көліктік-логистикалық орталық (КЛО) бар. Орталықтардың қызметі орта есеппен 90% құрайды. 

Қойма мүліктерін жалға беру нарығындағы жағдай сапаның көпшілік мақұлдаған сәйкес стандарттарының болмауына байланысты тұрақты деуге келмейді. Қазіргі таңда кем-кетік тұстары бар логистика мен тауар айналымы қатысушыларының келісілмей атқарып жатқан іс-әрекеттері азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына себеп болып отыр. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметтеріне сәйкес бүкіл ел бойынша жеміс-жидек сақтау қоймалары тапшылығы 70%, кей өңірлерде 90% дейін барады. Бұл, өз кезегінде, өнімдерді ұзақ сақтау мүмкіндігін жоққа шығарады. Мәселен, бұзылған жеміс-жидектер 19% шамасында болса, ет пен сүт өнімдері 5% құрайды. 

Аймақтық қатынас процестерін логитикалық тұрғыдан тиімді басқару үшін дамыған көлік коммуникациялары мен заманауи қоймалардың болу жеткіліксіз. Ақпараттық-логистикалық қатынастарды өңдейтін автоматтандырылған орталықтар мен жүйелер, сонымен қатар, қаржы ағындарын басқаратын құрылымдар қажет. Бізге логистикалық қызмет көрсетудің әр түрлеріне қызмет көрсете алатын аймақтық кәсіпорындар желісі болғаны дұрыс. 

Дамыған сауда инфрақұрылымы бар бірқатар елдерде бұл мәселе көтерме-үлестіру орталықтарын (КҮО) құру арқылы шешілді. 

Әлем бойынша қайта өңдеу дәрежесі тым жоғары, сақтау мерзімі ұзақ өнімдерге деген сұраныстың төмендеуі, температураға шыдамсыз, тез бұзылатын табиғи өнімдерге сұраныстың артуы мен қазіргі тұтынушылардың жергілікті өнімге көңіл бөле бастағаны Көтерме-үлестіру орталықтарының кеңінен таралуына себеп болды. КҮО-дың Қазақстанда пайда бола бастауының да себептері белгілі – азық-түлікт импортына тәуелділіктің төмендеуі, ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы сақтау мүмкіндіктерінің аздығы, алғашқы өңдеу күшінің аздығы, өнімдердің аймақаралық таратылуының тиімді жолдарының болмауы. Дистрибьюторлық үлестіру орталықтың болуы сауда орындарындағы қойма ауданын сату ауданы көлемінен 30% дейін азайтуға мүмкіндік беріп, өнім бағасы өсуіне себеп болатын арадағы тиімсіз делдалдарды жоюға мүмкіндік береді[8]. 

Осылайша, жүк айналымының, халық санының және тауар айналымының өсу тенденцияларын ескере отыра, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған КЛО-дың жұмыс жүктемесіне байланысты логистикалық қызметтерге сұраныс артады. 

Нарықта сапалы сақтау қоймаларының болмауы жүктерді сақтаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін А және В санаттарындағы қоймаларға сұраныс тудыратыны анық. 

Заманауи логистикалық орталықтар атына сай қызмет сапасын қамтамасыз етіп, үздіксіз жүк тасымалының іске асыра алады, сонымен қатар қызметтер нарығында ұсыныстар ауқымын айтарлықтай кеңейте алады. 

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) болжамы бойынша 2020 жылы әлемдік сауда 13-32% қысқарады. ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо атап өткендей: «Бұл сандар өте қорқынышты – одан құтыла алмаймыз. Дегенмен, жағдайды тез түзеп, әрі қарай қарқынды дамуға мүмкіндік бар. Қазір қабылданатын шешімдер болашақта жаһандық өсу перспективалары мен қарқынды қалыпқа келтіру жолдарын анықтайды». Кәсіпорындар мен тұтынушылар бұл пандемияны уақытша, бір реттік соққы ретінде қабылдаған жағдайда ғана күшті қалпына келтіру мүмкін болады. «Бұл жағдайда инвестициялық тауарлар мен ұзақмерзімді тауарлардың бағасы дағдарыс аяқталғаннан кейін бұрынғы деңгейге қайта оралуы мүмкін», - деді ДСҰ өкілі. 

Әлемдегі қазіргі жағдайға қарамастан, ірі қалалар әлемдік деңгейде тұрмысқа әсер етуін тоқтатпай, өзі өзгерістерге бейімделеді. 

Бәсекелік артықшылықтар бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін астанада шоғырланған. Жоғарыда аталған барлық перспективалық секторлар мен бағыттар Нұр-Сұлтан қаласында инвестициялық белсенділікті дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады.  

[1] ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті

[2] ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті

[3] Развитие экономики простых вещей г. Нур-Султан, Center for Strategic Initiatives.

[4]https://www.akorda.kz/

[5] Стратегия развития города Нур-Султан до 2050 года, утвержденная решением Маслихата города Нур-Султан от 15 ноября 2019 года №450/57-VI

[6]http://adilet.zan.kz/

[7] ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті

[8] Анализ состояния развития логистических распределительных систем товаров в крупных городах и регионах Казахстана. Бюллетень науки и практики, Т.5. №7. 2019.