16 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні қарсаңында @elorda.info тілшісі Астанадағы нан-тоқаш өнімдерін шығаратын заманауи зауытта болып, өндірістегі процеспен танысып қайтқан болатын.
Жаңа піскен нанның исі аңқып тұрған зауытта өндіріс меңгерушісі қарсы алды. Юлия Азимбаева таңда дүкен сөрелеріне жеткізіліп, түсте тұтынушының дастарқанында болатын ас атасының сапасын ыждағаттылықпен қадағалайды.
«Зауытымызда 23 нан түрлері дайындалады. Оның ішінде қалыпта пісірілетін нан, қара бидайдан пісірілген нан, ашытқысыз нан, дәнді нан, тағы да басқа кондитерлік өнімдер пісіріледі. Тұтынушылардың отбасы көлеміне әрі қалтасына ыңғайлы 300, 200 грамдық нандар да бар. Жалпы, күніне 15 мың нан шығарамыз. Біздегі қалыпта пісірілген пішінді нанның немесе әлеуметтік нанның салмағы 500 грамм, ал өткізу бағасы 130 теңгеден. Меніңше, бұл қаладағы ең арзан өткізу бағасы», - дейді Юлия Николаевна.
Оның айтуынша, бұл нан өнімдері, негізінен, мектептер, ауруханалар мен дүкендерге таратылады. «Қосшы», «Жібек жолы», «Қоянды» сияқты қала маңындағы елді мекендерді де қамтиды. Дегенмен елордада 3 мыңнан астам дүкен болса, бұл жерде пісірілетін нан соның 100-120-сына ғана жеткізіледі екен. Өйткені биылғы ақпан айында ғана ашылып, наурызда өнімдерін шығара бастаған зауыттың сауда бөлімі әзірше даму үстінде. Өндіріс меңгерушісі қарқын күшейсе, зауыттың екі-үш айда елорда дүкендерін «жаулап алуға» күші жететінін айтып отыр.
Толығырақ: https://elordainfo.kz/article/elordalyqtar-biz-pisirgen-nandy-izdep-zurip-satyp-alsa-deimiz-naubaisy