Астана қаласының инвестицияларды дамыту орталығы Astana Invest басқарма төрағасының орынбасары Ауэз Тыныбеков Сингапур бизнес федерациясының (SBF) халықаралық бизнес жөніндегі атқарушы директоры Саманта Теомен кездесті. Кездесуге Overseas Market Workshop бағдарламасы аясында Қазақстанға келген 20-дан астам сингапурлық компания өкілдері қатысты.
Сингапурлық компаниялар әртүрлі салаларды таныстырды: инжиниринг, биотехнология, білім беру, логистика, телекоммуникация, финтех және жаңа технологиялар.
Ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан компаниялардың қатарында көрме кеңістігін жобалаумен айналысатын және Алматы қаласындағы Балалар ғылыми орталығы жобасын жүзеге асырып жатқан Kingsmen Exhibits, биотехнологиялық шешімдер әзірлейтін Esco Lifesciences, дәлме-дәл машина жасау саласындағы Flare Dynamics, экологиялық шешімдер әзірлеуші Speco Singapore, тоңазытылған логистика қызметтерін ұсынатын Jurong Cold Store, креативті консалтингтік агенттік Auxilio Studio, логистикалық компания Silver Dragon Resources Singapore, цифрлық сауда платформасы One Good Nation, білім беру технологиялары компаниялары Smartli, I Can Read, The Global Citizen Education Group, сондай-ақ халықаралық пошта қызметі Geopost Southeast Asia (DPDgroup) болды.
Кездесу барысында Ауэз Тыныбеков мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдеу жүйесі туралы айтты.
Сингапурлық бизнес өкілдері Астана қаласында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Сингапур делегациясының бұл сапары Қазақстан мен Сингапур арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы болып табылады.