Форум аясында Astana Invest Басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлы елорданың инвестициялық әлеуетін таныстырып, жобаларды іске асыру және инвесторларды қолдау тетіктері туралы баяндады.
Келесі күні Malaysian Timber Council делегациясы ұйымның бас атқарушы директоры Норайхан Абдул Рахманның жетекшілігімен Astana Invest фронт-офисіне келді. Танысу кездесуіне Astana Invest тарапынан Халықаралық байланыстар және жиынтық талдау департаментінің директоры Азат Төлеубай және Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Халима Иминова қатысты.
Қонақтарға Astana Invest фронт-офисінің қызметі таныстырылды. Тараптар құрылыс және ағаш өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастықтың перспективаларын, тікелей байланыстар орнату мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттарын талқылады.
Кездесуден кейін малайзиялық делегация №1 Индустриялық паркке барып, Avalon-K және ATM Construction & Investment кәсіпорындарын аралады. Avalon-K жиһаз өндірісіне маманданған. Ал көпсалалы ATM Construction & Investment өндірістік кешені медициналық және кеңсе жиһаздарын, модульдік құрылыстарды, металл конструкцияларын және өзге де өнеркәсіптік өнімдерді шығарады.
Іскерлік миссия Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға ықпал етті.