Ағынды суларды тазарту және айдау бойынша блокты-модульдік жүйелерді әзірлеу және өндірумен елордалық Tazau компаниясы айналысады. Жуырда Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында журналистер Индустриялық парк №1 аумағында орналасқан осы инновациялық кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Tazau блокты-модульдік тазарту жүйелері зауыты 2019 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін компания мамандары мыңнан астам жобаны жүзеге асырды. Кәсіпорынның жабдықтары еліміздің барлық дерлік өңірінде пайдаланылып келеді. Тапсырыс берушілер қатарында коммуналдық қызметтермен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындар, жер қойнауын пайдаланушылар және вахталық кенттер бар.
Компания бүгінде сұранысқа ие әрі өзін дәлелдеген өнім шығарып отырғанымен, өндірістік үдерістерді жетілдіру мен технологиялық желілерді оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Зауыт биылғы жылдың соңына қарай толық жобалық қуатына шығуды жоспарлап отыр.
Кәсіпорында тұрмыстық-шаруашылық, нөсерлік және өндірістік ағынды суларды тазартуға арналған толық дайын тазарту қондырғылары, сондай-ақ сорғы станциялары өндіріледі. Барлық жабдық әрбір тапсырыс берушінің талаптарына сай жеке жобалар бойынша дайындалады.
Компанияның бас директоры Андрей Беляевтің айтуынша, Tazau компаниясының басты ерекшелігі – өндірістің толық циклін қамтуы.
– Біз толық жабдықталған модульдерді шығарамыз. Тапсырыс берушіге оларды тек инженерлік желілерге қосу ғана қалады, – деді компания басшысы.
Бірнеше жыл ішінде кәсіпорын жоғары білікті мамандардан құралған кәсіби команда қалыптастырды. Мұнда технологтар, конструкторлар, жобалаушылар, инженерлер, автоматтандыру мамандары, дәнекерлеушілер және сандық бағдарламамен басқарылатын станок операторлары еңбек етеді. Бас директордың айтуынша, компанияның басты құндылықтарының бірі – кадрлар, олардың басым бөлігі кәсіпорынның өз ішінде даярланған.
Компания Ресейде бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырып, қазіргі таңда Өзбекстандағы серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Дегенмен негізгі басымдық Қазақстан нарығына берілген. Ал 2030 жылға дейін халықаралық нарыққа толық шығу жоспарланған.
Андрей Беляев кәсіпорын дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде цифрландыруды атап өтті. Қазіргі уақытта зауытта тазарту құрылыстарын автоматтандыру және қашықтан бақылау жүйесіне жасанды интеллект енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Жасанды интеллект тазарту жабдықтарының жұмысын үздіксіз бақылауға, ықтимал ауытқуларды дер кезінде анықтауға және тапсырыс берушілерге күрделі инженерлік жүйелерді пайдалану барысында қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл технологияны толық енгізуді 2027 жылдың наурызына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпорын басшысы.
Оның айтуынша, мұндай интеллектуалды жүйелердің маңызы зор, себебі барлық тапсырыс берушілер күрделі жабдықтарды пайдалануға қажетті білім мен тәжірибеге ие емес. Қазіргі таңда компания клиенттерге өз сервистік қызметі арқылы қолдау көрсетсе, ал алдағы уақытта мониторингтің едәуір бөлігін жасанды интеллект атқаратын болады.
Заманауи ағынды су тазарту жүйелерін шығара отырып, кәсіпорын еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға да өз үлесін қосып келеді. Сондықтан компанияның ұраны – «Таза болашақтың технологиялары».
Дереккөз: https://kazpravda.kz/n/tehnologii-chistogo-budushchego/