Әскери киімнен отандық брендке дейін

stay
stay

Елордадағы «Qazaqstan Apparel» тігін фабрикасында күн са­йын ондаған маман арнайы киімдер мен жұмыс формаларын әзірлеумен айналысады. Мұнда өндіріс тек тапсырыс орындаумен шектелмейді. Кәсіпорын ұжымы отандық бренд қа­лыптастырып, жеңіл өнер­кәсіптің жаңа мәде­ние­тін орнықтыруды мақ­сат етеді.

Астананың өндірістік айма­ғында орналасқан тігін фабри­касының есігін ашқан сәтте бірден жұмыс ырғағы сезіледі. Бір жерде мата кесіліп жатса, енді бір жерде арнайы формалардың бөлшектері біріктірілуде. Қатар — қатар тізілген заманауи ма­шиналардың дыбысы өндірістің тоқтаусыз жүріп жатқанын аң­ғартады.

Бүгінде жеңіл өнеркәсіп туралы сөз болғанда көпшілік шетелдік брендтерді еске алады. Ал «Qazaqstan Apparel» ұжымы бұл түсінікті өзгертуді көздейді. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – «Қазақстанда жасалған» деген таңбаның сапа белгісіне айналуы.

Фабрика директоры Ислям Дюсембиннің айтуынша, компания құрылған кезде ұжым арзан өнім сегментіне барудан саналы түрде бас тартқан. «Біз үшін негізгі бәсекелес – отандық өндірушілер емес, импорттық өнімдер. Сондықтан көп өндіруден бұрын сапаға басымдық бердік. Біздің ұстанымымыз – аз болса да мінсіз өнім шығару», дейді ол.

Қазір мұнда BӨRІ Tactical, BӨRІ Outdoor, BӨRІ Workwear брендтерімен арнайы қызметтік киімдер, жұмыс формалары мен тактикалық киімдер шыға­рылады. Кәсіпорын Тө­тенше жағдайлар министрлігі бөлім­шелеріне арналған арнайы киім­дерді тігуге де қатысып отыр. Бұған қоса ұжым өзіндік Көкбөрі камуфляждық үлгісін әзірлеп жатыр.

Цех ішін аралаған кезде өндірістің бірнеше кезеңі көзге түседі. Бір бөлімде цифрлық сызбаүлгілер (лекалдар) әзір­ленсе, келесі жерде мата піші­ліп, одан әрі тігіншілерге жө­нел­тіледі. Фабрикада жапон­дық «Juki» компаниясының авто­мат­тандырылған жабдықтары қолданылады. Мамандардың айтуынша, толық өндірістік циклді бір жерде қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Өндірістің жүрегі саналатын бөлімдердің бірі – конструкторлар қызметі. Осында жұмыс істейтін Злиха Жайлыханқызы жуырда ғана ұжым қатарына қосылған.

Рудный қаласында жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің конс­труктор-технологі мамандығын тәмамдаған жас маман осы салада бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. «Бас конструктор дайындаған сызбаүлгілерді өндіріс үдерісіне бейімдейміз. Әр өлшем бойынша есеп жүргізіп, матаның тиімді орналасуын анықтаймыз. Бұл өнім сапасына да, материалды үнемдеуге де әсер етеді», дейді Злиха Жайлыханқызы.

Оның айтуынша, кәсіп­орында қызметкерлер үшін бір­қатар әлеуметтік жағдай қарас­тырылған. «Мұнда түскі ас беріледі. Жақын уақытта қыз­меткерлерді тасымалдау қыз­меті іске қосылады. Қажет бол­ған жағдайда жатақхана да қарас­тырылған. Жұмыс істеуге барлық мүмкіндік жасалған», дейді ол.

Фабрикадағы ең жас қызмет­керлердің бірі – Аяулым Нұркен­қызы. Ол жоғары оқу орнында білім алып жүріп, жазғы де­ма­лы­сын өндірісте өткізуді жөн кө­­ріпті. Ол үшін тігіншілік – таң­­­сық кәсіп емес. Ол бұл өнер­ді ана­сының жанында жүріп меңгерген.

«Тігіншілікке бала кезімнен қызығамын. Бос уақытымда этно­сөмкелер тігіп, түрлі бұйым тоқимын. Оларды әлеуметтік желілер арқылы сатамын. Сон­дық­тан фабрикадағы жұмыс маған жақын әрі қызықты», дейді жас тігінші.

Ол кәсіпорындағы алғашқы әсерімен де бөлісті. «Бұл жерге келгеніме бір айдай ғана болды. Ұжым жақсы қабылдады. Біз арнайы қызметтік киімдер тігеміз. Әр операцияның өз ерекшелігі бар. Маған бұл жұмыс ұнайды», дейді Аяулым.

Жас маманның айтуынша, кәсіпорын қызметкерлердің ынтасын арттыруға да көңіл бөледі.

Кәсіпорын басшылығы кадр даярлау мәселесіне ерекше мән береді. Қазіргі таңда фабрика мен Астана қаласының Технологиялық колледжімен әріптестік орнатқан. Болашақта өз оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр.

«Жеңіл өнеркәсіптің бас­ты мәселелерінің бірі – білікті маман тапшылығы. Сондықтан біз тәлімгерлік жүйесіне сүйенеміз. Студенттер өндіріс ерекшелігін оқу барысында меңгеруі керек», дейді Ислям Дюсембин.

Қазір фабриканың негізгі назары ішкі нарыққа бағытталған. Дегенмен ұжым болашақта өнімді шетелге шығаруды да жос­парлап отыр. «Біздің арманымыз қарапайым: отандық өнім ымыраның емес, мақтаныштың белгісіне айналуы керек», дейді кәсіпорын директоры.

Фабрикадан шыққан кезде ойға бір нәрсе оралды. Ұлттық бренд тек жарнамамен немесе ұранмен қалыптаспайды. Ол күн сайын станок басында отырған тігіншінің еңбегімен, киімнің пішінін дайындаған технологтің білімімен, өндірісті ұйымдастырған менеджердің жауапкершілігімен қалыптасады. Qazaqstan Apparel ұжымының бүгінгі ізденісі осы жолдағы нақты қадамдардың бірі секілді көрінді.

Дереккөз: https://egemen.kz/news/askeri-kiimnen-otandyq-brendke-deyin 

Фотограф: Игорь Бургандинов.