Астана индустриялық паркінде орналасқан «Электровоз құрастыру зауыты» теміржол локомотивін шығарумен бірге, оның негізгі құрамдас бөлшектерін жергілікті жерде өндіруді жолға қойған бірегей кәсіпорынға айналды. Әлем нарығына бейімделген өнім отандық шикізат пен жергілікті компоненттер зауыттың сыртқы нарықтағы мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Машина жасаушылар күніне орай осы кәсіпорынның өндірістік тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Зауыт есігінен кіргеннен-ақ өндірістің ауқымы кең екені аңғарылады. Бір цехта металл бөлшектері өңделсе, келесі учаскеде трансформаторлар құрастырылып жатыр. Одан әрі электровоздың күрделі жүйелері бір арнаға тоғысады. Мұнда әр бөлшектің өз орны, әр қимылдың өз есебі бар. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 100 электровоз секциясына дейін. Мұнда КЗ8А жүк, КЗ4АТ жолаушылар электровоздары, борттық трансформаторлар мен тартқыш конвертерлер шығарылады. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен өңірлік нарыққа 450-ден астам электровоз өндірілген.
Зауыттың тағы бір ерекшелігі – ТМД кеңістігіне қажетті теміржол стандартына бейімделген локомотив шығарауында. Еуропа мен Қытайдың теміржол өлшемі өзгеше. Ал Астанадағы зауыт ТМД елдеріндегі теміржолға лайықталған техника шығарады. Сондықтан бұл нарыққа өнім жеткізуде техникалық сәйкестікпен бірге географиялық жақындық та маңызды рөл атқарады.
Зауыттың жобалық директоры Бейбіт Ибраевтың айтуынша, кәсіпорынның өндірістік қуатының шамамен 70 пайызы игеріліп отыр. Өнімге ішкі нарықпен бірге шетелден де сұраныс бар. Кәсіпорын 2018–2022 жылдары Әзербайжанға 40 электровоз экспорттаған. Биыл Францияға 10 шанақ (кузов) жөнелтілді.
«Біздің өндірістің маңызды ерекшелігі, электровозды құрастырып қана қоймай, оның негізгі құрамдас бөлшектерін де осында шығарамыз. Металл бөлшектерін дайындау, кесу, өңдеу жұмысы жергілікті кәсіпорындармен тығыз байланыста атқарылады. Қазір өндіріс тізбегіне 240-тан астам отандық компания тартылған. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірісті дамытуға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді», дейді Б.Ибраев.
Елімізде қажетті металл шикізатының болуы да кәсіпорынға тиімді. Шикізаттың осында өңделіп, дайын бөлшекке айналуы тасымал шығынын азайтып, өндіріс құнын төмендетуге жол ашады. Ал Еуропадағы ұқсас компоненттердің қымбаттығы Астанадағы өндірістің бәсекелік мүмкіндігін арттыра түседі. Францияға 10 кузовтың жөнелтілуі – соның бір көрінісі. Бұл тапсырыс зауыт өнімінің халықаралық талапқа сай екенін ғана емес, жергілікті өндірістің баға жағынан да тартымды екенін аңғартады. Алдағы уақытта Грузия теміржолының тендеріне қатысу жоспарланып отыр. Егер жоба жүзеге асса, бірнеше жылға есептелген 45 локомотив, яғни 90 секция көлеміндегі тапсырыс қалыптасуы ықтимал.
Экспорттың ар жағында өндірістегі нақты еңбек тұр. Өндіріс басшысы Фильдар Хасенов зауыттағы жұмыстың екі ауысыммен ұйымдастырылғанын айтады.
«Өндірісте жұмысшылардың тұрақты еңбек етуіне жағдай жасалған. Қызметкерлерді арнайы автобуспен тасымалдаймыз, ыстық тамақ беріледі. Медициналық сақтандыру бағдарламасы да қарастырылған. Жас мамандарға басымдық береміз. Колледждермен, жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, студенттерді тәжірибеге қабылдаймыз. Өндірісте өзін жақсы көрсеткен жастарды кейін жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бар», дейді Ф.Хасенов.
Зауытта 750-ден астам адам еңбек етеді. Электрмонтажшы, слесарь-жинақтаушы, инженер секілді мамандардың әрқайсысының өндірісте өз орны бар. Цех бастығы Өскенбай Албан радиоэлектроника мен телекоммуникация мамандығын тәмамдаған. Қазір электровоздардың радиотехникалық жабдықталуы мен кабель өндірісіне жауап береді. Қарамағында 45-ке жуық адам бар.
«Бізде қажетті бөлшектердің бір бөлігі отандық кәсіпорындардан келеді. Қазір өндірісімізде қолданылып жүрген отандық бөлшектердің үлесі 50 пайызға жетті деуге болады. Жергілікті өндіріс көбейген сайын сырттан келетін бөлшекке тәуелділік те азаятыны белгілі. Бұл зауыттың жұмысын тұрақтандыруға да, отандық кәсіпорындардың дамуына да әсер етеді», дейді Ө.Албан.
Зауыттағы өндірістің бір бағыты – трансформатор құрастыру. Осы учаскеде слесарь-жинақтаушы Асқар Қасымов еңбек етеді. Теміртау қаласында электртехника мамандығын алған маман кәсіпорында үш жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді.
«Менің негізгі жұмысым – трансформаторларды жинақтау. Әр бөлшектің сапасы мұнда өте маңызды, өйткені ол кейін электровоздың жалпы жүйесіне қосылады. Сондықтан жұмыста дәлдікке мән береміз. Екі ауысыммен еңбек етеміз. Кәсіпорын қызметкерлерге әлеуметтік жағынан да қолдау көрсетеді», дейді А.Қасымов.
Зауыт мамандары шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға да мүмкіндік алады. Қызметкерлер Францияға барып, өндіріс үдерісімен танысады. Алдағы уақытта басқа елдерге тәжірибе алмасу сапарлары жоспарланған.
Астанадағы өндірістің ТМД нарығындағы мүмкіндігі теміржол ерекшелігімен тікелей байланысты. ТМД кеңістігіндегі теміржол жүйесіне сәйкес келетін локомотивтің дайын болуы тұтынушы ел үшін техникалық жағынан да, жеткізу тұрғысынан да тиімді. Бұған еліміздің шикізаттық мүмкіндігін қосыңыз. Электровоз өндірісіне қажетті металл елімізде бар. Оны осында өңдеп, бөлшекке айналдырып, дайын өнімді жақын нарықтарға жеткізу өндірістің өзіндік құны мен логистика шығынын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Осы тізбекте 240-тан астам отандық кәсіпорынның болуы маңызды. Бірі металл дайындаса, бірі өңдейді, енді бірі нақты бөлшек шығарады. Сөйтіп, электровоз өндірісі бір зауыттың ғана емес, тұтас өндірістік кооперацияның өніміне айналады.
«Alstom» компаниясымен серіктестік кәсіпорынның халықаралық нарыққа шығуына жол ашып отыр. Зауытта шығарылатын өнімдердің халықаралық стандарттарға сай келетіні сыртқы тапсырыс берушілердің қызығушылығын арттырып отыр.
Өндіріс қуатының әлі толық игерілмеуі де жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Грузия бағыты, трансформатор экспорты, жаңа тапсырыстар – кәсіпорынның өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін жобалар. Кәсіпорынның ерекшелігі де осында. Мұнда электровоз құрастырылып қана қоймайды. Оның бөлшегі жасалады, жергілікті металл өңделеді, маман даярланады, технология меңгеріледі. Ең бастысы, осының бәрі бір өндірістік тізбекке бірігіп отыр.
Теміржолдағы ұзақ жол зауыттағы дәл қимылдан басталады. Ал сол қимылдың ар жағында еліміздің металы, отандық кәсіпорындардың еңбегі, инженердің білімі мен жұмысшының қажыр-қайраты тұр.