Астанада Шыңжаңның жетекші құрылыс компанияларымен кездесу өтті
Astana Invest фронт-офисінде Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әуез Тыныбеков Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының құрылыс саласы делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Құрылыс индустриясы қауымдастығы төрағасының орынбасары әрі бас хатшысы Сун Ланьпи бастап келді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, заманауи құрылыс технологияларын енгізу, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, «ақылды қала» технологияларын енгізу, туристік инфрақұрылымды дамыту және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды.
Astana Invest өкілдері елорданың инвестициялық әлеуетін таныстырып, кездесуге қатысушыларды қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен, оларды алу шарттарымен және инвесторларды сүйемелдеу тетіктерімен таныстырды.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Құрылыс индустриясы қауымдастығы 1 000-нан астам құрылыс кәсіпорнын біріктіреді және Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдерімен іскерлік ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқан өңірдегі жетекші салалық ұйымдардың бірі болып табылады.
Astana Invest инвестициялар тарту, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, халықаралық әріптестікті нығайту және өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.