Astana Invest фронт-офисінде Басқарма төрағасы Асхат Бекеев Japan International Interaction and Development Association (JIDA) делегациясымен кездесті. Жапон тарапынан кездесуге Frontier Japan Co., Ltd. компаниясының өкілетті директоры Митера Ясунобу қатысты.
Кездесу барысында Астананың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттары қарастырылды. Тараптар Astana Invest пен JIDA арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасасу, сондай-ақ Токиода өнеркәсіптік компаниялардың өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.
JIDA халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытуға, серіктестер іздеуге, технологиялар трансферіне және жапон компанияларының шетелдік нарықтарға шығуына қолдау көрсетеді. Ұйымның бағдарламаларына Жапонияның 70-ке жуық компаниясы қатысады. Қазақстан — JIDA халықаралық қызметінің басым бағыттарының бірі.
Жапон тарапының өкілдері құрылыс, цифрландыру және жасанды интеллект, жаңартылатын энергетика, білім беру, кадрлық қызметтер мен әуежай инфрақұрылымы салаларында жұмыс істейді. Кездесуде осы бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу қорытындысында тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға және перспективалы бастамаларды бірлесіп пысықтауға қызығушылық білдірді.