95% пайыз өнімі шетелге шығарылады

stay
stay
stay
stay
Кейінгі жылдары өндіріс картасына жаңа атаулар жиі қосылып жатыр. Кеше ғана шетелден алдыратын өнімнің біразы бүгінде өз кәсіпорындарымыздан шығарылады. Олардың қатарында Орталық Азияда баламасы сирек толық циклді өндіріс орындары да бар. Біз барған Астанадағы металдың жемірілуіне (коррозияға) қарсы өнеркәсіптік жабындар шығаратын зауыт – соның бірегей мысалы.
Астанадағы №1 индустриялық паркке барған сайын өндірістің өзгеше тынысын сезінесіз. Бір жерде металл кесіледі, енді бір тұста жаңа бөлшек құралады. Ал біз бас сұққан зауытта темірдің ғұмырын ұзартатын өнім жасалады. Мұнда өндірілетін жемірілуге қарсы жабындар мұнай-газ кешендерінде, энергетика нысандарында, металлургия кәсіпорындарында, көпірлер мен түрлі металл конструкцияларда қолданылады. Бір қарағанда қарапайым бояу секілді көрінгенімен, оның артында күрделі технология, жоғары жауапкершілік пен жүзден астам адамның еңбегі жатыр.
Зауыттың өндірістік желісі бір сәтке де тоқтамайды. Конвейер үздіксіз қозғалыста. Цех ішінде заманауи жабдықтардың бірқа­лып­ты үні ғана естіледі. Әр қызметкер өз міндетімен айналысып бағуда жатыр. Бірі шикізатты қабылдайды, бірі дайын өнімді зертханалық сынақтан өткізеді, енді бірі технологиялық же­лінің жұмысын бақылайды. Кәсіпорынның бас директоры Гүлмира Баймұғамбетованың айтуынша, өндіріс идеясы 2018 жылы дүниеге келген.
– Басты мақсат – сырттан тасымалданатын өнімнің орнын өзіміздің сапалы тауармен алмас-тыру еді. Индустриялық парк-тен жер бөлінді, инфрақұрылым тартылды. Италия мен Оңтүстік Кореядан заманауи жабдықтар әкелінді. 2022 жылдың қаңта­рында алғашқы өнім шығардық. Қазір халықаралық ISO 9001 стандартына сай толық циклді өндіріс қалыптасты. Өнімге ішкі нарықпен бірге шетелден де сұраныс жоғары, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпорын жылына 7,5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Ай сайын шамамен 150 тонна өнім өндіріледі. Өндіріс бөлімінің басшысы Мейір Илимбаев техноло­гиялық тізбектің әр кезеңін таныс­тырды.
– Негізгі шикізат Германия, Италия, Ресейден жеткізіледі. Ұнтақталған мырыш өз елімізден алынады. Жабындарымыз металл конструкцияларды ондаған жыл бойы қорғайды. Кепілдік мерзімі екі жыл болғанымен, қызмет ету мерзімі елу жылға дейін жетеді. Жақын уақытта Қытайдан жаңа өндірістік желі келеді. Соның арқасында өндіріс қуаты тағы өседі, – дейді ол.
Өнімнің соңғы сапасын зертхана айқындайды. Инженер Нұрсая Олжабаеваның міндеті – әр партияның халықаралық талаптарға сәйкестігін тексеру.
– Әр өнім бірнеше сынақтан өтеді. Құрамы, төзімділігі, түсінің тұрақтылығы толық тексеріледі. Болмашы ауытқуға да жол жоқ, – дейді ол.
Өндірістің тағы бір маңызды буыны – қойма. Самат Дастан мұнда еңбек жолын қарапайым қоймашы болып бастап, бүгінде шеберлік қызметке дайындалып жүр.
– Өндірісте өсуге мүмкіндік мол. Шикізаттың әр килосы есепте тұрады. Оның уақытында жеткізілуі де, дұрыс сақталуы да өте маңызды, – дейді ол.
Кәсіпорында әлеуметтік мә­селеге де айрықша көңіл бөлін­ген. Медициналық сақтан­дыру, жыл сайынғы тексеру, біліктілікті арттыру курстары тұрақты ұйым­дастырылады. Жүзден астам қызметкердің басым бөлігі осы зауытта кәсіби тәжірибе жинаған. Жоғары оқу орындарымен бірге дуальді оқыту жүйесі енгізілген.
Әңгіме арасында Гүлмира Баймұғамбетова кейінгі жылдары бірқатар кәсіпкерлермен бірге Мемлекет басшысының қабылдауында болғанын айтты. Президент өндірістің даму бағытына оң бағасын беріп, отандық кәсіпорындардың әлеуе­тіне сенім білдірген. Дегенмен кәсіпорын алдында тұрған басты мәселе әлі де өзекті.
– Өніміміздің 95 пайызы ше­телге жөнелтіледі. Ресей, Өзбек­стан, Түркия секілді нарықтар сапасын әлдеқашан мойындады. Еуропалық сертификатымыз бар. Түркиядағы «Аққұю» атом электр стансасының құрылысына да біздің жабындар пайдаланылып жатыр. Ал елімізде сырттан келетін өнімге сенім көбі­рек. Бізге ішкі нарықтың қол­дауы ауадай қажет, – дейді бас директор.
Расында, атом электр стансасы секілді стратегиялық нысандарға жарамдылығы дәлелденген өнім­нің елімізде кеңінен қолданыл­мауы ойландырмай қоймайды. Кәсіпорынның ендігі мақсаты – ішкі нарықтағы үлесті кемінде елу пайызға жеткізу. Қазір зауыт төрт ауысыммен жұмыс істейді. Өндіріс алаңын кеңейту қамы бас-талып кеткен. Ішкі қойма жаңа ғимаратқа көшіріліп, босаған орынға Қытайдан жеткізілетін жаңа технологиялық желілер орнатылады. Бұл өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұ­мыс орындарының ашылуына жол ашады.
Осы мәселе таяуда өткен Үкі­мет отырысында да кеңінен көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық кәсіп­орын­дардың өндірісті ұлғайтуы жеткіліксіз екенін, ең бастысы – олардың өнімін ішкі нарық­қа еркін шығарып, сыртқы нарық­тарға жол ашу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерін қалып­тастырып үлгерді. Ендігі мін­дет – сол өнімнің тұтынушыға еш кедергісіз жетуіне жағдай жасау.
– Қабылданып жатқан ша­ра­лардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға, дамытуға бағытталған. Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгері­летуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикасы қолданады. Біз де осы сая-сатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз,– деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр сауда желі­лерінің де жауапкершілігіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, отандық кәсіпорындардың көбі өнімін дүкен сөрелеріне шығару кезінде түрлі әкімшілік әрі коммерциялық кедергілерге тап болады. Бұл ішкі нарықтағы бәсекеге де, өндірістің дамуына да кері ықпал етеді.
– Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сау-да алаңдарына қол жеткізе алмайды, оның ішінде жалдау ақысының жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сауда желілерінің иелері отандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру моральдық жағынан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да дұрыс емес, – деді Үкімет басшысы.
Ол сондай-ақ Сауда ми­нистрлігіне мемлекеттік органдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге отандық өнімді өткізу мен экс-п­ортқа шығаруға кедергі келті­ретін талаптарды қайта қарап, оларды жою тетіктерін әзір­леуді тапсырды. Барлық рәсім бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізіліп, кәсіпкерлерге түсінікті әрі қолжетімді болуы қажет.
Бұған қоса, бір ай ішінде «Қа­зақстанда жасалған» ұлттық брендімен шығарылатын өнім­дер­ді қолдау мен ілгерілету­дің кешенді бағдарламасын әзірлеу міндеті қойылды. Сауда желіле­рімен ұзақмерзімді келісім­дер жа­сау, отандық сауда маркала­рын дамыту, өнімді шетел­дік ірі же­­лілердің сөрелеріне шыға­ру секіл­ді нақты міндеттер айқындалды.
Ал Гүлмира Қыдырқызының күн сайын жаңа тұтынушы іздеп, өз өнімінің сапасын дәлелдеуге күш салуы осы міндеттердің өмірдегі нақты көрінісі сияқты.
– Күн сайын жаңа тұтынушы­лар іздеймін. Өндіріс тоқтамауға тиіс. Ең үлкен тілегім – өз кәсіп­орындарымыздың өз өніміне көбірек сенім артуы, – дейді ол.
Зауыттан шыққанда көңілде бір ғана ой қалды. Импорттың орнын басатын өндіріс салу – үлкен еңбек. Ал сол өндірісті ішкі нарықта орнықтырып, ұлттық брендке айналдыру – одан да жауапты міндет. Үкімет отырысында көтерілген мәселелер мен Астанадағы осы кәсіпорынның тынысы бір-бірімен табиғи үн­десіп жатыр. Мемлекет өндірісті қолдаудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ендігі нәтиже өз өнімімізге өзіміз қаншалықты сенім арта алатынымызға байланысты.
Дереккқөз: https://egemen.kz/news/95-payyz-onimi-shetelge-shygarylady