«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының фронт-офисінде жұмыс кездесуі өтті

stay
stay
stay

«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының фронт-офисінде Басқарма төрағасы Асхат Бекеевтің төрағалығымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжин және Қытайдың Өнеркәсіпті шетелде дамыту қауымдастығының вице-президенті У Кэгуан қатысты.

Қытай делегациясының құрамына өнеркәсіп, инвестиция және денсаулық сақтау салаларындағы ірі ұйымдардың басшылары кірді. Атап айтқанда, Huayang Bethune Hospital, Fujian Tianrun Yongshun Supply Chain, Dixiang Group, Fujian Dachuan Haohui New Energy және Shanghai Yumou Industrial Development компанияларының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, Астанада ғылыми зерттеулерден бастап дайын дәрілік препараттарды өндіруге дейінгі толық циклді фармацевтикалық парк құру, Қытайдың жетекші клиникаларының қатысуымен медициналық және сауықтыру бағыттарын дамыту, сондай-ақ зияткерлік қалалық инфрақұрылым мен жаңа энергетика салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, қытайлық серіктестерге Астана қаласының инвестициялық әлеуеті, арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары және қолданыстағы инвестициялық преференциялар таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты пысықтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті.